Жаңалықпен бөлісу
Жарияланған күні: 13.10.2026
Keruen Inn желісі кеңеюде: Qazaq Oil Қызылордада сегізінші қонақүйін ашты
Еліміздегі ірі отын бөлшек сауда желілерінің бірі- Qazaq Oil, өткен жылы іске қосылған Keruen Inn жол бойындағы қонақүйлер желісін дамытуды жалғастыруда. Бүгінде желі құрамында сегіз қонақүй бар. Компания 2026 жылдың соңына дейін Павлодар мен Астана қалаларында жаңа қонақүй кешендерін ашып, олардың жалпы санын онға жеткізуді жоспарлап отыр.
Бүгін Қызылорда қаласында, Тұңғыш Президент саябағына жақын маңда Keruen Inn желісінің жаңа қонақүйі ашылды. Қонақтарға жайлы демалыс пен сапалы қызмет ұсынатын Keruen Inn енді Сыр өңірінде де саяхатшыларды қабылдайды. Қонақүйдің орналасқан жері қалаға келген қонақтарға да, өңір арқылы сапар шегіп бара жолаушыларға да қолайлы. Мұнда қала орталығынан қонақүй іздеп уақыт жоғалтпай, аялдап, тынығып алуға болады. Әсіресе, автокөлікпен жолға шыққандар үшін бұл – бағыттан ауытқымай, сапар барысында толыққанды демалуға мүмкіндік береді.
Желідегі өзге нысандар секілді, жаңа қонақүй де Qazaq Oil жанармай құю станциясының жанында орналасқан. Мұнда саяхатшылар бірнеше қажеттілігін бір жерден өтей алады: автокөлігіне жанармай құйып, электромобилін қуаттандырып, Q-Café-ден кофе ішіп мен жеңіл жүрек жалғап ала алады. Сондай-ақ Dala Market дүкенінен жолға қажетті азық-түлік пен тауарларды сатып алып, душ қабылдап, киімдерін жуу мүмкіндігі де қарастырылған. Осылайша, жол бойындағы аялдама жанармай құюмен ғана шектелмей, демалыс пен күнделікті қажеттіліктерді қатар қамтитын кешенді қызмет ұсынады.
Бір нысаннан он қонақүйге дейін
Keruen Inn желісінің алғашқы қонақүйі өткен жылдың қыркүйегінде Алматы – Тараз – Шымкент тасжолының бойындағы Мерке елді мекенінде ашылды. Бір жылдың ішінде желі бір ғана бағытпен шектелмей, еліміздің түрлі өңірлерінде дамып, географиялық ауқымын кеңейтті. Бүгінде Keruen Inn қонақүйлері Аралда, Семейде, Атырау облысындағы Қарабатанда, Ақтауда, Қарқаралыда және Қарағандыда жұмыс істейді. Қызылордадағы жаңа нысан – желінің сегізінші қонақүйі.
Алдағы уақытта Keruen Inn Павлодар мен Астанада да өз жұмысын бастайды. Жаңа нысандардың ашылуы желінің еліміз бойынша қамту аясын кеңейтіп, 2026 жылдың соңына қарай қонақүйлер санын онға жеткізуге мүмкіндік береді.
«Біз Keruen Inn желісін ұзақ мерзімді даму стратегиясына сай дамытып келеміз. Бір жылдың ішінде желі айтарлықтай өсті. Ендігі мақсатымыз – әр нысан орналасқан өңірдің ерекшеліктерін ескеріп, қызмет көрсету сапасына деген жоғары талапты сақтай отырып, желіні одан әрі кеңейту», – дейді, Qazaq Oil компаниясының операциялық директоры Оралхан Омаров.
Qazaq Oil үшін қонақүй бизнесі дәстүрлі отын бөлшек саудасынан бөлек жаңа даму бағытына айналды. Компания еліміздің әр өңіріндегі автокөлік жүргізушілеріне арналған инфрақұрылымды қалыптастырған. Ал Keruen Inn осы мүмкіндіктерді толықтырып, жолаушыларға жол үстінде түнеп, тынығып, сапарын жалғастыруға жағдай жасайды.
Keruen Inn желісінің дамуы Qazaq Oil компаниясының ұзақ мерзімді стратегиясымен тығыз байланысты. Мұндағы мақсат – нысандар санын көбейтумен шектелмей, жанармай құюдан бастап демалыс пен жолға қажетті қызметтерге дейінгі мүмкіндіктерді біріктіретін тұтас экожүйе қалыптастыру. Желінің алғашқы жылындағы нәтижелер Keruen Inn бағытының тұрақты дамуына және ел бойынша ауқымын кеңейтуге әлеуеті бар екенін көрсетеді.